Жаңалықтар

Бастауыш ұйымдарда саяси тұғырнаманың жобасы талқыланды

Amanat партиясының облыс аумағындағы 188 бастауыш партия ұйымының мүшелері партияның жаңа Саяси тұғырнамасының жобасын талқылады. Сондай-ақ, БПҰ отырыстарында партияның аумақтық филиалдарының конференцияларына қатысатын делегаттар сайланды.

Қаладағы «Құрмет» бастауыш партия ұйымына техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, сондай-ақ қаланың жоғары оқу орындарының оқытушылары кіреді. Бастауыш ұйымның 640 мүшесі бар. Жиынға 34 партия мүшесі офлайн, ал қалғаны онлайн қатысты.
Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сабыржан Мұхтаров қатысушылардың назарын жобаның негізгі ерекшеліктеріне тоқталды. «Адам-қоғам-мемлекет» қағидаты бойынша құрылған тұғырнаманың қазақ тілінде әзірленгеніне назар аударды. Сондай – ақ тәуелсіздіктің баға жетпес қазына екендігін атап өтті.
-Бұл жерде көп нәрсе қамтылған. Тіл, тәуелсіздік деген ұғымдар бар. Тұғырнаманың қазақ тілінде жасалғаны көңіліме қонды. Бүгінгі әлемдік геосаяси жағдай шиеленіскен кезеңде Мемлекет басшысының төңірегіне халықты топтастыру Amanat партиясының үлкен мақсаттарының бірі, – деді ол.

Сондай-ақ қатысушылар жаңа Тұғырнаманың негізгі басымдығы азаматтардың әл-ауқатына бағытталғанын атап өтті.
-Том-том құжатты зерттеп отыратын уақытымыз жоқ. Біз үшін қарапайымдылық пен қолжетімділік маңызды. Ал жаңа Саяси тұғырнаманың жобасы – осы қағидаттарға сай келеді. Партия жұмысында адам мен оның әл-ауқатына негізгі басымдық берілетіні біз үшін өте маңызды, – деді бастауыш партия ұйымы төрағасы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Ақтөбе облысы бойынша Кәсіби даму институтының директоры Нұргүл Абишева.
Бастауыш ұйым мүшелері жобаны қолдап, «Берекелі отбасы», «Білімді ел», «Халық саулығы», «Еңбек – табыстың кілті» және т. б. жоба бөлімдері туралы пікірлерімен бөлісті. Отырыс соңында ТжКБ ұйымдары мен жоғары оқу орындарынан Аmanat партиясының Ақтөбе қалалық филиалының конференциясына қатысу үшін жеті кандидат бірауыздан сайланды.
Айта кету керек, қалада партияның 17 бастауыш ұйымы бар.

Н.Әбдібеков.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button